Қазақстанда мүгедектігі бар жандарға инфрақұрылымның бейімделмегені үшін 200 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім еткендей, интерактивті қолжетімділік картасында 43 312 нысан тіркелген. Оның ішінде 19 421 нысан (45 пайызы) мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімделген.
«Өңірлік аспектіде жоспардан төмен көрсеткіштер (40 пайыз) Алматы, Ұлытау облысы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстарында байқалады», — деді Светлана Жақыпова үкімет отырысында.
Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігін анықтау мақсатында 2344 тексеру жүргізді.
«Нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 826 ұйғарым шығарылып, жалпы сомасы 199,2 млн теңгеге 798 әкімшілік айыппұл салынды», — деді Жақыпова.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 732 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, бұл жалпы халықтың 3,6 пайызын құрайды. Оның 57 пайызы еңбек жасындағылар, 27 пайызы зейнет жасындағылар, 15 пайызы балалар.