Олардың қатарына, атап айтқанда, балалық шақтағы мүгедектігі бар жандар да кіреді.
Астанада қоқыс шығару бойынша жәрдемақы алушылардың тізімін кеңейтпекші, деп хабарлады елорда мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов.
Өкілетті орган отырысында депутаттар бұл тізімге мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар жандарды, жетім және көп балалы отбасы балаларын қосу қажет деген қорытындыға келді.
Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 100 пайыздық, ал ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ I топтағы мүгедектігі бар жандар мен көпбалалы аналарға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлерге 25% жеңілдік қарастырылған.
Бұл ретте мәслихат бір Астана тұрғынына шаққандағы қоқыс көлемінің артқанын атап өтті.
«Егер 2012 жылы бір тұрғынға тәулігіне шамамен 1,2 келі қатты тұрмыстық қалдық келсе, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,7 келіге жетті. Қалдық көлемінің өсуі стандарттарды уақтылы қайта қарауды және қайта өңдеудің тиімді тетіктерін енгізуді талап етеді», — деді Астана қаласы мәслихатының басшысы.