Елордада №32 мектеп-гимназияда инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Осыған ұқсас кабинеттер елорданың тағы бірнеше білім беру мекемелерінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ Астана әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырды. Ол ерекше әдіс-тәсілге мұқтаж балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
№32 мектеп-гимназия директоры Гүлшат Байтастың сөзінше, мектепте 30-дан астам оқушы инклюзивті білім алуды қажет етеді.
«Жаңадан ашылған инклюзияны қолдау кабинеті бірінші қабатта орналасқан. Жалпы біздің мектепте 3 968 бала білім алса, оның ішінде 30-дан астам оқушы инклюзивті білім алуды қажет етеді. Кабинеттің аумағы – шамамен 60 шаршы метр. Балалармен психолог, дефектолог және екі логопед жұмыс істейтін болады. Одан бөлек 9 педагог-ассистент бар. Бұл мамандар арнайы оқытудан өтті. Бүгін мектептегі ерекше балалар білім және дамыту бағдарламаларын өз қатарластарымен бірге меңгеруге мүмкіндік алды», — дейді мектеп директоры.
Инклюзивті екі сынып осы саладағы сарапшылардың әзірлеген жаңа моделімен дайындалған. Атап айтқанда, Open Space форматында дефектолог, логопед, психолог және қыш бұйымдарын жасау аймақтары, емдік дене шынықтыру бойынша жеке кабинеті бар.
Кабинеттердегі мұғалімдер балалардың функционалдық бұзылыстарын жою немесе азайту, олардың мектеп ортасына интеграциялануға физикалық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болуына көмектесу үшін жұмыс істейді. Балаларға қарапайым әлеуметтік-тұрмыстық дағдылар үйретіледі. Әр бала үшін жеке даму бағдарламасы жасалады.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында елордадағы №22, 36, 59, 76 және 97 мектептерде жаңа форматтағы кабинеттер алғаш рет ашылды. Астанадағы инклюзия кабинеттеріне қалада тұратын мектеп жасындағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың шамамен 16%-ы қатысады. Жалпы елордада ерекше қажеттіліктері бар 21 107 бала бар.