Ұзақ күткеннен кейін әкесі өзі баласын ұшақтан алып шықты.
Астанада мүмкіндігі шектеулі баланың құқығын бұзған әуе компаниясына айыппұл салынды, деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.
Оқиға өткен жылдың 3 қарашасында болған. Санкт-Петербордан ұшатын ұшақ жерге қонғаннан кейін балаға мүгедектігі бар жандар арбасын бермеген. Ұзақ күткеннен кейін әкесі өзі баланы ұшақтан алып шықты.
«Әуе компаниясы кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі жолаушыға қызмет көрсете алмады. Қызметтің уақытылы көрсетілмеуіне әуе компаниясы қызметкерлерінің арбаның қажеттілігі туралы қате хабарламасы себеп болды», — делінген хабарламада.
Прокуратураның хабарламасына сәйкес, әуе компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік кодекстің 571-бабына сәйкес, халықаралық тасымалдау ережелерін бұзу 50 АЕК – 196 мың теңге көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қадағалау органы қай әуе компанияның бұзушылыққа жол бергенін нақтыламады.