Елордалық еріктілер «Таза Қазақстан» және «Игі істер марафоны» акциясы аясында жалғыз тұратын қарт кісілерге көмек көрсетуді жалғастыруда. Қар жауғаннан кейін олар тағы да зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері елорданың Байқоңыр ауданында тұратын жалғызбасты зейнеткердің үйінің ауласын қардан тазартты.
«Жыл басынан бері жалғызбасты зейнеткерлердің 15 ауласындағы қарын күредік. Жұмыс жалғасуда. Еріктілер аулаларды тазартып, қариялардың батасын алып жүр», — дейді «Астана Жастары» МКК волонтерлар бөлімінің маманы Дана Тәкенова.
Еріктілер – Ерсұлтан Қалимат пен Жанайым Елубай қыс басталғалы бері қар тазалау жұмысына белсене атсалысты.
«Үлкен кісілерге қолғабыс етіп жүргенімізге қуанамыз. Әрбір кішкентай қадам арқылы үлкен өзгерістер жасай аламыз. Еріктілік – бұл көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар білім алу, өсу және қоғамның маңызды бөлігі болу», — дейді Ерсұлтан Қалимат.
«Бірігіп жұмыс істегенде біз аулаларды тазалап қана қоймай, қамқорлық танытып, көмек көрсетеміз. Мен волонтер болғанымды мақтан тұтамын», — деп қосты Жанайым Елубай.