2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылардың саны 106 мың адамды құрады, ағымдағы жылы төлемді 31,2 мың азамат алды. Төлемдердің жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлерге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлемдер төленеді. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жоғалған табыстың 45%-ға дейінгі мөлшерінде жүзеге асырылады.
Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін мыналарды жасау қажет:
— eGov.kz порталына кіру;
— «Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру» бөлімінде «Жұмыс іздеушілерді тіркеу» қызметін таңдау;
— барлық жолдарды толтыру және өтінімді беру, электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою арқылы қызметке онлайн тапсырыс беру;
— бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы (бұдан ары – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
— жұмыс табылмаған жағдайда 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушіге хабарласады).
Бұл қызметті электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да онлайн алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ақпарат болған жағдайда, ЕХӘҚМ ақпараттық жүйесі ұялы телефонға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан проактивті форматта төлем тағайындау қызметін көрсетуге келісім беру туралы SMS хабарлама жібереді. Келіссеңіз, SMS хабарламаға жауап беруіңіз керек. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер жұмыстан босату себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссызды жұмыс іздеп жүрген кезеңде қолдауға арналған.