Атырау облысындағы Миялы ауылында тағы бір көпқабатты әлеуметтік үйдің құрылысы аяқталуда.
Наурыз мерекесінде 60 отбасы қоныс тойын тойлауға дайындалуда. Қызылқоға ауданында баспана кезегінде 900 адам тұр. Бұлар негізінен апатты үйлердің тұрғындары, ата-анасыз өскен балалар, мүгедектігі бар жандар және көп балалы отбасылар. Осындай үйде Нұржамал Иманғалиева отбасымен 30 жылдан бері тұрып келеді. Апаттық ғимарат бұзылуға жатады. Көп жылдар күткен олар жаңа пәтерге көшуге дайындалып жатыр.
Нұржамал Иманғалиева, Миялы ауылының тұрғыны:
– Мұнда 16 пәтерлі екі үй бар. Мүмкіндігі барлар әлдеқашан көшіп кеткен. Бар болғаны 10 отбасы қалды. Төбесінен су ағып жатыр, қабырғалары әлдеқашан салбырап кеткен, егеуқұйрықтар мен жәндіктерді үнемі улаймыз. Көшетін юолсақ өте қуаныштымыз. Қазірдің өзінде қоныс тойын күтіп жүрміз.
Апатты үй мәселесін шешу үшін жергілікті билік арнайы бағдарлама әзірлеген. Өткен жылға дейін Қызылқоға ауданында тұратын 90 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге қоныстанды. Тозығы жеткен үйлерде әлі 111 отбасы қалды. Олардың кейбірі жақын арада жаңа үйге көшетін болады.
Манат Сағын, мердігер ұйымның өкілі:
— Бұл үш қабатты, 60 пәтерлі үй. Пәтерлердің жартысы үш бөлмелі, жартысы екі бөлмелі. Барлық қажетті коммуникациялар орнатылды. Біраз электрлік жұмыс қалды. Ғимарат пайдалануға дайын.
Ерсағын Құмаров, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
— Апатты үйлер тұрғындарға қауіп төндіреді, сондықтан алдымен оларды қоныстандыруға тырысамыз. Жақында тағы екі үйдің құрылысы басталады. Жалпы жоспарымыз бойынша биылғы жылы баспана кезегі 140 адамға көтеріледі. Сондай-ақ жастар мен еңбекке қабілетті халықты несиелендірудің түрлі жеңілдетілген бағдарламалары бар. Аудан билігі тұрғын үй мәселесін шешу үшін қосымша 1 миллиард теңге бюджет қаражатын сұрап отыр. Бұл тағы да 60 пәтерлік үй салуға мүмкіндік береді – дейді билік өкілдері.