Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Абай облысында 680 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.
Қазіргі уақытта: Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, 2023-2027 жылдарға арналған «Аманат» партиясының жол картасы және мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы Интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыстарды қарастырады. Жыл сайын нысандардың 20 пайызы бейімделуге жатады. Мәселен, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%. Қазіргі таңда республика бойынша 22 777 нысан толығымен бейімделген.
2025 жылдың аяғына дейін Абай ауданында 886 нысанда бейімдеу жоспарланса, 680 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, облыстағы 680 нысанның ішінде келесілер барлық санаттағы мүгедектігі бар жандарға қолжетімді:
— денсаулық сақтау нысандары – 111;
— білім беру нысандары – 241;
— мәдени нысандар – 50;
— сауда және қызмет көрсету нысандары – 77;
— мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 122;
— спорт нысандары – 7;
— көлік инфрақұрылымының объектілері – 8;
— әлеуметтік қорғау объектілері – 9;
— басқалары — 55.
«Жыл сайын облыстық маңызы бар мәртебеге ие болғаннан кейін Семей қаласының инфрақұрылымдық нысандары мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін көбірек бейімделуде.
Осылайша, жедел жәрдем ауруханасының ғимаратында барлық есіктер мүгедектігі бар жандар арбасына ыңғайлы және сүйемелдеушілер үшін жарамды, тактильді жолақтар бар, дәрігерлер кабинетінің жанында көру қабілеті нашар жандарға арналған Брайль жазуы бар белгілер орнатылған. Мүгедектігі бар адамдардың көлік құралдары үшін ыңғайлы тұрақ қарастырылған.
Облыстық абилитация және оңалту орталығында халықтың мобильділігі төмен топтары үшін барлық жағдайлар жасалған, оңалту қызметінің барлық түрі көрсетілген, қызметкерлері өте сыпайы, әдепті.
Абай Құнанбаев атындағы жергілікті әуежай, теміржол вокзалы, «Қазына» сауда орталығы, «Арена» мәдени-спорттық кешені, «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мемориалдық кешені, «Отбасы банкі» АҚ филиалы, Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әкімшілік ғимараты да мүгедектігі бар жандарға бейімделген әрі қолжетімді», — деді бірінші топтағы мүгедектігі бар Нұрғали Жақыпов.
Сонымен қатар, 2024 жылы Мемлекеттік бақылау аясында Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т.б салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 60 тексеру жүргізді. Оның 35-і профилактикалық бақылау аясында, 25 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.
Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 59 ұйғарым шығарылып, жалпы сомасы 5,3 миллион теңгеден астам 18 әкімшілік айыппұл салынды.
Профилактикалық бақылауды жүргізу кезінде нысандардың иелеріне әкімшілік жауапкершілікке тартылмай, бастапқы анықталған кезде бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым ғана берілетінін атап өткен жөн. Бұйрықты белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда айыппұл салынады.