Прокурорлар 80-нен астам ерекше балалардың құқығын қорғады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету кабинеттерінде емдеу мерзімі сақталмаған, арнайы құрал-жабдықтар уақытылы берілмеген.
Ақтөбе облысының прокуратурасы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету кабинеттері мен білім беру мекемелерін тексерді. Тексеру барысында бірнеше заң бұзушылықтар анықталды.
— Алғын ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 75 мүмкіндігі шектеулі бала белгіленген 45 минуттың орнына 35 минут қана білім алған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен психологиялық-педагогикалық кабинеттер арасындағы келісім-шарттарда бала екі апта бойы сабаққа қатыспаған жағдайда келісім-шарт біржақты тәртіпте бұзылуы мүмкін болатын заңсыз шарттар бар. Сондай-ақ апта сайын сабаққа бара алмайтын балаларды қашықтықтан оқыту қарастырылмаған, дейді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ешанов.
Қарғалы ауданында мүгедектігі бар 13 бала техникалық көмек пен арнайы қозғалыс құралдарын ала алмаған. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде ерекше қажеттіліктері бар 88 баланың құқығы қорғалып, жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Ақмола облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларды емдеудің жаңа форматы енгізілген болатын.