«Елорда жастары» бағдарламасы қаладағы жастарға тиімді шарттармен жеке баспана алуға көмектеседі. «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана» бағдарламасының бұрынғы қатысушылары, ерлі-зайыптылар Данияр мен Қалаңқас Әбіловтер осының арқасында Астанадан пәтер сатып алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әбіловтер отбасы 2019 жылы сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанаға ие болды. Олар бес жыл бойы мемлекеттік пәтерде тұрып, қаражат жинаған.
«Тұрғын үй қорынан қоңырау шалып, кеңсеге алдын ала келісу үшін шақырылғаннан кейін тиімді шарттармен тұрғын үй сатып алудың мүмкіндігі бар екенін біліп, таң қалдық. Осылайша бағымызды сынап көруді жөн санадық», — дейді Қалаңқас Әбілова.
Кеңсеге барып, барлық параметрді есептегеннен кейін ерлі-зайыпты бағдарлама шарттарының қолайлы екеніне көз жеткізді.
«Елорда жастары» жас мамандар үшін арнайы әзірленген және жеңілдетілген несиелеуді ұсынады:
— Несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге;
— бастапқы төлем – 10%;- тұрақты мөлшерлеме – жылдық 5%;
— Несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Қатысу үшін жасыңыз 35-ке толмаған, Астанада тұрақты тіркелген, ресми түрде жұмыс істейтін және депозитте жинаған қаражатыңыз және өзге де талаптарға сай болуыңыз керек.
«Елорда жастары» бағдарламасы бойынша Әбіловтер отбасы тиімді шарттармен жеке баспанаға ие болды.
«Берілген мүмкіндіктер үшін мемлекетке алғысымыз шексіз, бұл тұрақтылыққа ұмтылып, өз пәтерінде тұрғысы келетін жас тұрғындар үшін үлкен қолдау деп білеміз», — деп атап өтті Қалаңқас Әбілова.