Now Reading
ҚР ОСК: Партиялардың сайлауалды бағдарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қолжетімді болуы тиіс
Inva.kz информационный портал социальных новостей Казахстана. Инва кз > Новости > ҚР ОСК: Партиялардың сайлауалды бағдарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қолжетімді болуы тиіс

ҚР ОСК: Партиялардың сайлауалды бағдарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қолжетімді болуы тиіс

ҚР ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

2025 жылғы 21 сәуірде Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен ҚР ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Жұмыс тобының отырысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, жұмыс тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың, ғылыми-өндірістік бірлестіктің өкілдері, түрлі өңірлерден келген сарапшылар қатысты.

Отырысты аша отырып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының жанынан 2018 жылдан бастап мүгедектігі бар жандардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. 2022 жылдан бастап ол жаңа ереже негізінде жұмыс істейді және оның құрамы мезгіл сайын жаңартылып отырады. Бүгінгі таңда қатысушылардың 70%-дан астамы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болып табылады, бұл оның қолданбалы бағытын күшейтеді және мүгедектігі бар адамдардың сайлау кезінде нақты қажеттіліктерін есепке алуға ықпал етеді.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды конституциялық реформасы аясында бекітілген заңнамадағы квотаның маңыздылығын атап өтті: Мәжілістің партиялық тізімдерінің кемінде 30% әйелдер, жастар және мүгедектігі бар жандар болуы тиіс. Бұл ереже тізімдерді тіркеу кезінде де, мандаттарды тарату кезінде де міндетті болып табылады.

Ол сондай-ақ бүкіл ел бойынша сайлау комиссиялары мүшелері ішінде мүгедектігі бар жандардың санын 2019 жылғы 455-тен бүгінгі күнге дейін 735-ке дейін арттыруды атап өтті.

«Бұл инклюзивтіліктің жүйелі саясатын дәйекті іске асырудың нәтижесі. Дегенмен, әрі қарай даму маңызды. Біз партиялардың сайлауалды бағдарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына – мазмұны жағынан ғана емес, техникалық жағынан да қолжетімді болуы тиіс деп санаймыз. Ол үшін біз жұмыс тобының мүшелерін сайлауда қолжетімді ортаны кеңейтуге ықпал ететін нақты ұсыныстарды енгізуге шақырамыз», – деді Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (Еңбекмині) құзыреті саласында жүргізіліп жатқан қызмет туралы Асқарбек Ертаев баяндама жасады. Ол сайлау процесінде қолжетімді ортаны құру мәселелеріне назар аударды, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталының пайдасы туралы хабардар етті.

Отырыстың маңызды сәттерінің бірі ОСК мен Еңбекмині арасындағы келісімнің негізінде Жол картасын әзірлеу туралы уағдаластық болды. ОСК Төрағасы бастамашылық еткен Жол картасы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге және сайлау органдары мен министрліктің өңірлік бөлімшелері арасында сайлау инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейтуде тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Шырақ» ҚБ және Парламент Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева қатысушыларды «Шырақ» ҚБ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі және ОСК бірлескен жобасы шеңберіндегі сайлауды ұйымдастырушылар үшін мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары жөніндегі бейнекурсты әзірлеу барысы туралы хабардар етті. Бейнекурс сайлауды ұйымдастырушыларға арналған теориялық аспектілерді де, интерактивті тапсырмаларды да қамтиды.

Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі мониторингінің қорытындылары туралы «IteachMe» құзыреттілікті дамыту қорының директоры Захира Бегалиева айтып берді. Шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау барысында жүргізілген мониторинг (2025 жылғы 30 наурыз) учаскелердің көпшілігінде қолжетімділіктің қажетті жағдайымен қамтамасыз етілгенін және әкімдіктер тарапынан назар аударуды талап ететін жекелеген мәселелер бар екенін көрсетті. Сонымен қатар, спикер басқа елдерде қолданылатын технологиялар мен шешімдер туралы, соның ішінде дауыстық сигналдары бар құрылғыларды, мобильді қосымшаларды және т.б. пайдалану туралы айтты. Отырыстың күн тәртібінің соңғы тақырыбы көру қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдаланушының дыбыстық ескертуі бар NVDA бағдарламалық жасақтамасын пайдалану болды.

«Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Павлодар» ҚҚ президенті Снежана Мрыль көру қабілеті бұзылған адамдардың өз бетінше дауыс беруі үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Ол зағип сайлаушыларға басқа бір тұлғаның көмегінсіз ақпарат алуға мүмкіндік беретін осы бағдарламаның практикалық қолданылуы туралы айтты. Оның пікірінше, сайлау учаскелерінде осындай технологияларды енгізу сайлау процесінің қолжетімділігін және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау белсенділігінің деңгейін арттырады. Нұрлан Әбдіров Павлодарда пилоттық режимде қолданылып жүрген осы бағдарламаны сынақтан өткізуді ұсынды. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша аумақтық сайлау комиссиялары оны сайлау процесіне одан әрі енгізу мүмкіндігі туралы ұсынымдар бере алады.

Отырыс соңында Орталық сайлау комиссиясының басшысы азаматтардың барлық санаттарының сайлау процесіне тең қатысуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі және дәйекті жұмыс жалғаса беретініне сендерді. Жұмыс тобының мүшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуді және сайлауда қолжетімді ортаны жақсартуға қатысуды жалғастырады.

+1
Tags :
No More Posts