Серік Сәпиев Ұлттық сурдолимпиада комитетін басқарды

Кезектен тыс конференцияда ол комитет басшылығының жаңа құрамын таныстырды.
Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Ұлттық сурдолимпиада комитетінің басшысы болды. Бұл туралы ол Instagram желісінде хабарлады.
«Мен Ұлттық сурдолимпиада комитетінің президенті болып сайландым. Бүгін кезектен тыс конференцияда Президент ретінде комитет басшылығының жаңа құрамын таныстырып, алдағы жоспарларды белгіледім. Туризм және спорт министрлігіне, сондай-ақ бүгінгі шараға қатысқан барлық ардагерлер мен спорт қайраткерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін!» – деп жазды Серік Сәпиев.
41 жастағы Серік Сәпиев бокстан екі дүркін әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы. 2024 жылдың қарашасында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды.
Комитеттің вице-президенттері болып Достан Ибрагимов, Руслан Ищанов, Павел Казанцев, Азамат Қарлығашев, Қуанышбек Мұқаш, Мейрамбек Махамбетов, Ғабит Сатмағамбетов, Арсен Шақуов және Бекзат Қалиев болды. Ұйымның бас хатшысы болып Айжан Шокина тағайындалды.
Отырыста ҚР ҰҚК қызметінің басым бағыттары, оның ішінде Қазақстан құрамасының 2025 жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін жазғы Сурдлимпиада ойындарына дайындығы мақұлданды. Жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарына 10 мамырға дейін дайындық бойынша ұсыныстар мен қажеттіліктерді ұсыну ұсынылды.
Сонымен қатар, комитеттің орталық аппаратын Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл Туризм және спорт министрлігімен, сондай-ақ елордада орналасқан ұлттық спорт құрылымдарымен тығыз байланыс орнату қажеттілігінен туындап отыр.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Сурдолимпиада комитеті есту қабілеті бұзылған адамдар спортының халықаралық комитетінде (ICSD) Қазақстанда есту қабілеті бұзылған адамдар арасындағы Сурдлимпиадалық ойындарға және басқа да халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды дайындайды. Қазақстандық спортшылар бес жазғы және үш қысқы Сурдлимпиада ойындарында сегіз алтын, сегіз күміс және 26 қола медаль жеңіп алды.