Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде 6 баладан аз көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді.
— Бірқатар БАҚ, ақпараттық топтар мен әлеуметтік желілердегі парақшалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес 6 және одан да көпбалалы отбасылар ғана көпбалалы отбасы деп танылады деген жалған ақпарат тарауда, — деп атап өтті министрлік.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасына көпбалалы отбасы мәртебесі берілетінін хабарлайды.
Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Көпбалалы отбасына төленетін төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады және 2025 жылы:
— 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
— 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
— 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
— 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
— 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 15 728 теңге.
Сонымен қатар, 6 және одан да көп бала туып, өсірген, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқалары бар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған не 1 және 2-дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге, аналарға мынадай мөлшерде ай сайынғы жәрдемақы төленеді:
— «Күміс алқа» алқасымен марапатталған – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
— «Алтын алқа» алқасымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
— Біз азаматтардан тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуді сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылады, — деп еске салды департамент.