Қазақстанда алғаш рет жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде «ДосболLIKE» буллингтің алдын алу ұлттық бағдарламасы жұмыс істей бастайды. «DosbolLIKE» балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг фактілерін азайтуға, білім беру ұйымдарында қауіпсіз, қолдау көрсететін және құрметтейтін орта құруға бағытталған. Бағдарлама халықаралық және отандық нормативтік құқықтық актілерді, соның ішінде Балалардың әл-ауқаты индексінің ережелерін ескере отырып әзірленген және буллингке қарсы күрестің үздік әлемдік тәжірибесіне негізделген. Тоғыз облыстың 50 мектебінде өткізілген тестілеу барысында буллингтің алдын алу жүйесі құрылды. Тестілеу нәтижелері бойынша Астана, Алматы, Абай және Жамбыл облыстарындағы мектептерде озық тәжірибелер атап өтілді. Мұнда сәтті қолданылған модель: шағым → талдау → көмек жоспары → буллингке қарсы топтардың қатысуымен бақылау және кейінгі бақылау болды. — Біз DosbolLIKE бағдарламасын буллингтің алдын алудың тұрақты құралы деп санаймыз. Тестілеу нәтижелері көрсеткендей, барлық тараптардың – мұғалімдердің, ата-аналардың және балалардың өздерінің қатысуы буллингті азайтуға, сенім мен сыйластық мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қауіпсіз және қолайлы мектеп ортасын құруға септігін тигізеді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова. Бағдарламада мамандарды кең көлемде даярлау қарастырылған. Қазірдің өзінде 2,5 мыңға жуық педагог, психолог және білім беру жүйесінің қызметкерлері курстан өтіп, жыл бойына республика бойынша 8 мыңнан астам маманды қамту жоспарлануда. ЮНИСЕФ зерттеуі бойынша әрбір бесінші бала кибербуллингке ұшырайды екен.