Мал баққан балалардың ісі бойынша күдікті ұсталды. Ішкі істер министрлігінің басшысы тергеу барысын жеке бақылауына алды. Полиция қызметкерлері балаларды ұрып-соғу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлады ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Жамбыл облысы Талас ауданында кәмелетке толмаған екі баланы жүйелі түрде ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді жеке бақылауына алды.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зардап шеккен балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталды. Ішкі істер министрі бұл істі жеке бақылауға алды», — деп жазды Шыңғыс Әлекешев Instagram желісіндегі парақшасында.
Ішкі істер министрлігі балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген көрінісі қатаң түрде тоқтатылатынын және барлық кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін балалар омбудсмені Жамбыл облысының Талас ауданында күшпен ұстап, мал баққан екі жасөспірімнің табылғанын хабарлаған болатын.
Облыстық полиция департаменті полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарды Тараз қаласына – Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізгенін хабарлады. Онда жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.