2024 жылғы 26 шілдедегі нормативтік қаулысында Конституциялық сот Салық кодексінің кейбір нормаларын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.
Конституциялық сот 2024 жылғы 26 шілдедегі № 50-НҚ нормативтік қаулысында «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің 616-бабының бірінші бөлігінің 13) тармақшасын осы баптың екінші бөлігімен өзара байланыстағы бөлігінде Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Бұл нормада «талапкерлер» сөзі қолданылған болатын.
Аталған нормаға сәйкес, соттарда мемлекеттік баж төлеуден мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның бір ата-анасы, мүгедектігі бар баланың ата-анасы талапкер болған жағдайда ғана босатылатын.
Конституциялық сот азаматтарды бірдей әлеуметтік мәртебеге ие бола тұра, кассациялық шағым беру сатысында олардың іс жүргізудегі процессуалдық жағдайына қарай бөліп-жару ақылға қонымды әрі объективті негізге жатпайтынын, құқықтық қорғау құралдарында теңсіздік белгілерін қамтитынын атап өтті.
Конституциялық соттың бұл шешімі 2025 жылғы 18 шілдедегі жаңа Салық кодексінде жүзеге асырылды. Жаңа редакциядағы 668-баптың 13-тармақшасынан «талапкерлер» ұғымы алынып тасталды.
Енді көрсетілген санаттағы барлық адамдар соттарда мемлекеттік баж төлеуден олардың процессуалдық мәртебесіне — талапкер немесе жауапкер болуына қарамастан босатылады.