Қазақстанда 2027 жылдан бастап медициналық қызметтердің бірыңғай пакеті енгізіледі

Қазақстанда 2027 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) қамтитын қызметтерді нақты ажырататын медициналық қызметтердің бірыңғай пакеті күшіне енеді.
Осылайша еліміздің әрбір тұрғыны мемлекет тарапынан қандай көмек тегін көрсетілетінін, сақтандыру пакетіне қандай медициналық қызметтердің кіретінін нақты білетін болады.
Барлық медициналық көмек екі бөлікке бөлінеді:
• базалық пакет – мемлекет кепілдік берген және елдің барлық тұрғындарына қолжетімді;
• кеңейтілген сақтандыру пакеті – сақтандырылған азаматтарға қолжетімді және кеңейтілген қызметтерді қамтиды.
Үкіметтің хабарлауынша қабылданған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту бойынша бірқатар шараларды қарастырады. Олардың арасында:
• әлеуметтiк жағынан осал азаматтарды МӘМС қамтуын кеңейту. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жарна төлейтін болады. Бұл жүйеге тұрғындарды барынша тартуға мүмкіндік береді.
• әділ жарна жүйесін енгізу. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар есептелетін кірістің жоғарғы шегі жойылды. Бұл шара азаматтардың жүйеге пропорционалды салымын қамтамасыз етіп, бюджетке жыл сайын қосымша 200 миллиард теңгенің түсуін қамтамасыз етеді.
• мемлекеттік қаржыландыруды арттыру. Жеңілдікті санаттағы 11 миллион азамат үшін мемлекет жарнасының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда.
Есептеулер бойынша бұл 2030 жылға қарай денсаулық сақтау саласына қосымша 289 миллиард теңге бағыттауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін 2026 жылға қарай 1 миллионнан астам қазақстандық міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылатыны хабарланған болатын.
0