Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Сауран ауданындағы Оранғай ауылында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 90 орынға «Шұғыла» оңалту орталығы пайдалануға берілді.
Маңызды әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтап, бұл бастамаға қолдау білдірді.
Үш пен 18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар «Шұғыла» оңалту орталығында ем алады. Жобаның құны 3 121,7 млн теңгені құрайды. Орталық 90 орынға есептелген, оның 60-ы стационарлық, 30-ы жартылай стационарлық. Орталық сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетеді – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық.
«Сіздерді Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Осынау айтулы мереке қарсаңында облыста бірнеше әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарға тең мүмкіндіктер жасауға міндеттіміз» деп атап өтті. «Шұғыла» орталығы мұның нақты дәлелі болары сөзсіз. Ғимарат – балалардың болашағына сенім ұялататын, тең мүмкіндіктер аумағы жыл соңына дейін облыстың тағы екі қаласында ашылады, сондықтан да біздің басты міндетіміз – әр баланың арманына жетелеу, өмірге нұр шашу, «Шұғыла» орталығы сіздерге сенімді тірек болады деп сенемін.
Жаңа орталыққа облыс әкімінің атынан музыкалық аспап (фортепиано) сыйға тартылды.
Орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Ол көп функционалды үстелдермен, прессотерапиялық құрылғылармен, қысқа толқынды терапиямен, массаж және физиотерапия кабинеттерімен, сондай-ақ Монтессори, түрлі дидактикалық керек-жарақтары бар сенсорлық және психомоторлық кабинеттермен жабдықталған. Сондай-ақ интерьерде шағын футбол алаңы, воркаут, жазғы сахна, спорт және акт залы бар. Мүмкіндігі шектеулі 1-10 сынып оқушыларының кабинеттері де заманауи жиһаздармен жабдықталған.
Мұндай орталықтар жыл соңына дейін облыстың тағы екі қаласында ашылады. Сарыағаш пен Түркістанда әрқайсысы 100 орындық аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтар ашылады.
Айта кету керек, бүгінде облыста 101 405 мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрса, оның 15 мыңы балалар мен жасөспірімдер. Арнаулы әлеуметтік қызметтермен 6736 бала қамтылған.