Астанада сиыр етін белгіленген бағамен сату акциясы басталды

21 қыркүйектен бастап Астананың ірі сауда желілерінде – Magnum, Small және «Анвар» – сиыр етін белгіленген бағамен сату акциясы басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Акция Сауда желілері одағы, Астана әкімдігі, Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы келісімнің нәтижесінде ұйымдастырылды.
Аталған сауда желілерінде сиыр етін ең жоғарысы 3 800 теңгеден аспайтын бағамен, ал әлеуметтік маңызы бар бөлігі (жауырын-төс тұсы) 3 335 теңгеге дейін, Magnum желісінде 2 650 теңгеден сатып алуға болады.
Сонымен қатар бұл супермаркеттерде акциялық сиыр етімен қатар фермерлік өнімдер де нарықтық бағамен қолжетімді болады.
Мемлекеттік органдардың қолдауымен Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының отандық өндірушілерінен арнайы бағамен тікелей ет жеткізу ұйымдастырылды. Бұл бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Акция тек мемлекеттік органдардың қолдауымен жеткізілетін сиыр етіне қатысты және тек стационарлық супермаркеттерде өткізіледі. Ол онлайн-тапсырыстарға қолданылмайды.
Белгіленген бағамен сатылатын алғашқы сиыр еті партиялары акцияға қатысатын сауда желілерінің супермаркеттеріне жеткізілді. Magnum желісінде белгіленген бағамен сиыр еті Тұран даңғылы, 55 мекенжайындағы супермаркетте қолжетімді. Әлеуметтік маңызы бар сиыр еті 2 650 теңгеден Астана қаласындағы Magnum супермаркеттерінде сатылады.