Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған құттықтауын жариялады.
Құрметті отандастар!
Сіздерді шын жүректен Республика күнімен құттықтаймын!
35 жыл бұрын егемендік туралы Декларация қабылдау арқылы Қазақстан жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Бұл тағдырлы шешім халқымыздың өз болашағын өзі айқындау құқығын бекітіп, заманауи мемлекеттің негізін қалаған маңызды кезең болды.
Содан бері біз үлкен әрі сындарлы жолдан өттік. Тәуелсіздіктің саяси және экономикалық іргетасы қаланды, халықаралық деңгейде мойындалған шекарамыз айқындалды, жаңа астана бой көтерді, ұлттық бірегейлікті нығайту мен азаматтардың өмір сапасын арттыруда елеулі табыстарға қол жеткізілді. Теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан өз ұлттық мүддесін табысты қорғап, әлемдік аренада беделін арттырып келеді.
Алдымызда одан да ауқымды міндеттер тұр. Қиын да тұрақсыз заманда біз Әділетті Қазақстанды – барлық азамат үшін тең мүмкіндіктер елі болуды мақсат етіп отырмыз. Саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы реформалар еліміздің өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» идеологиясын, отаншылдық пен ынтымақ, еңбексүйгіштік пен жауапкершілік, білім мен кәсібилік құндылықтарын орнықтыра отырып, біз болашағына нық сеніммен қарайтын кемел ұлтқа айналудамыз.
Әр ұрпақтың өз миссиясы бар. Біздің ортақ парызымыз – ата-бабаларымыздың өсиеттеріне сүйене отырып, қасиетті Тәуелсіздігімізді жан-жақты нығайту, Қазақстанды дамыған, прогрессивті, әділ мемлекетке айналдыру.
Қажырлы еңбектің, өзара қолдаудың және ең бастысы бірліктің арқасында біз барлық жоспарларымызды ойдағыдай жүзеге асырып, жаңа шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін.
Отанымыздың болашағы – әрқайсымыздың қолымызда!
Көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Барша отандастарыма мықты денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тілеймін!