2025 жылдың басынан бері Қазақстанның барлық өңірлерінен мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы қашықтан өткізу пилоттық жобасы аясында 89,5 мың өтінім қаралды.
Бүгінгі таңда қашықтан сараптау 30 нозологиялық форма бойынша жүргізілуде.
2024 жылы қашықтан форматта 96,9 мыңнан астам өтінім қаралды, бұл мүгедектігі бар азаматтардың жалпы санының 37,4 пайызын құрайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды инстанцияларды аралаудан және қағазбастылықтан босатуды, сондай-ақ қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты болдырмауды тапсырған болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, еліміздің 20 өңірінде медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) қашықтан өткізу жобасын пилоттық режимде жүзеге асыруда.
Мүгедектік тобын белгілеу қызметін алу үшін азамат тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі тиіс. Қалған барлық процестер ақпараттық жүйелердің интеграциясы есебінен азаматтың қатысуынсыз жүргізіледі.
Қашықтан сараптау форматына көшу:
– әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
– МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
– мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын алу қызметтерін үйден шықпай-ақ пайдалануға мүмкіндік береді;
– қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.