Таразда туа біткен бас сүйек деформациясы — плагиоцефалиясы бар балаға алғаш рет бірегей ота жасалды. Уақтылы жасалған хирургиялық араласу баланың дамуындағы бұзылыстардың алдын алып, бас сүйегінің қалыпты пішінін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұған дейін мұндай оталар тек Алматы мен Астанада жасалатын, енді аймақ тұрғындарына облыс орталығындағы дәрігерлерге жүгіну жеткілікті.
Сюжетте айтылғандай, науқас — Батырхан есімді сәби.
Жас ана Лаура Рашид бір жасар ұлының дамуындағы өзгерістерді бірнеше ай бұрын байқаған. Бала жүре алмады, кеш еңбектеді, басын әрең ұстады және сөйлей алмады. Анасы Алматы мен Шымкент дәрігерлеріне жүгінген, олар Таразда тексеруден өтуді ұсынған. Таңдау көпсалалы облыстық балалар ауруханасына түсті. Тексеру нәтижесінде кішкентай Батырханға плагиоцефалия — маңдай сүйегінің туа біткен патологиясы деген диагноз қойылды. Дәрігерлер төрт сағаттық ота жасады.
«Бәрі сәтті өтті, бала өз-өзін жақсы сезінеді. Біз нейрохирургтарға өте ризамыз. Отадан кейін бірден оң өзгерістер байқадық — ұлым белсенді, сабырлы болып, өздігінен алғашқы қадамдарын жасап, жеке сөздер айта бастады. Бұрын оның басы үнемі оңға қисайып тұратын», — деді әйел.
Аймақтағы туа біткен плагиоцефалияға жасалған алғашқы ота нейрохирургтар үшін сәтті өтті. Баланың бас сүйегіндегі деформация арнайы пластиналар арқылы түзетілді. Олар сүйектерді бекітіп, ми дамуының табиғи жолмен жүруіне жағдай жасайды. Алты айдан кейін пластиналар алынып тасталады.
«Плагиоцефалия — бұл бас сүйегінің бір бөлігі қалыпты дамып, екінші бөлігі артта қалатын деформация түрі. Бұл миға қысым түсіріп, көру бұзылыстарын тудыруы мүмкін. Біз бас сүйегін қайта қалыптастырып, пластиналар көмегімен мидың өсуіне жеткілікті кеңістік жасаймыз. Осылайша, баланың дамуында болашақта қиындықтар туындамайды», — деп түсіндірді нейрохирург Мирдас Мурадов.
Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының нейрохирургтары бас сүйек деформацияларын түзету бойынша шамамен бес түрлі ота жасайды. Мұндай оталар баланың өмірінің алғашқы жылында жүргізілгені жөн, өйткені бұл даму ауытқуларының алдын алады.
Дәрігерлердің айтуынша, аймақтағы әр жүзінші бала осы туа біткен патологиямен дүниеге келеді. Жыл сайын нейрохирургтар шамамен 270 ота жасайды, соның онға жуығы — краниостеноз бойынша.
«2015 жылдан бері краниостеноздың өзге түрлеріне де ота жасап келеміз. Жаңа әдістерді енгізу көмек сапасын арттырып, мүмкіндіктер аясын кеңейтті. Біз Жамбыл облысында балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді әрі қарай дамытамыз. Бұрын ата-аналар үлкен қалаларға баруға мәжбүр болатын, ал қазір мұндай технологиялар бізде де қолжетімді», — деді бас дәрігер Маулим Кенжалы.
Арна дерегінше, шетелде мұндай туа біткен патологияға жасалатын отаның құны шамамен 5 миллион теңге болса, Қазақстанда ол тегін жүргізіледі. Мұндай бірегей оталар заманауи жабдық пен дәрігерлердің шетелдік клиникаларда біліктілігін арттыруының арқасында мүмкін болып отыр.
Бұған дейін Шымкентте салмағы небәрі 1 келі болатын сәбиге күрделі жүрек отасы жасалғаны хабарланған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеген.