Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ел аумағында тарап жатқан жаңа алаяқтық тәсілдерге байланысты маңызды ескерту жасады.
Мамандардың түсіндіруінше, алаяқтар электронды поштаға «Салықты шұғыл төлеу қажеттілігі туралы ескерту» деген тақырыппен жалған хабарламалар жіберуді жалғастырып отыр. Бұған қоса, бұрыннан белгілі тәсіл бойынша өздерін мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, салық есептілігінің жоқтығы туралы (270-нысан) қоңырау шалып хабарлайтынын нақтылайды.
«Енді алаяқтар өздерін курьер ретінде таныстырып, салық төлеушіге салық органдарынан хат бар екенін айтады. Мемлекеттік кірістер комитетінің есебінен хатты мекенжайға жеткізу қызметін ұсынады», — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, алаяқтар жәбірленушінің телефонына 1414 нөмірінен Enbek.kz атынан алты таңбалы код жіберіп, процесті аяқтау үшін сол кодты айтуды сұрайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды сақ болуға шақырады.
Жалған хабарламаларға сенбеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, кодтар мен деректерді үшінші тұлғаларға айтпаңыз, келіп түскен ақпараттың шынайылығын тексеріңіз, салық және қаржылық ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы ғана алыңыз.
Бұған дейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті комиссиондық дүкендер, автокөлік жалдау қызметтері және онлайн-платформалар түрінде жұмыс істеген көлеңкелі микрокредит беру схемаларын әшкерелегені хабарланған.