Астанада полиция ерекше балалардың ата-аналарын қорлаған блогерді ұстады
Астанада полиция әлеуметтік желілерде мүгедек балалардың ата-аналарына қатысты дөрекі сөздер жазылған бейнеролик таратқан блогерді ұстады. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жіберуге дайындалуда.
Даулы видео әлеуметтік желілерде жарияланған. Онда ол ерекше балалардың дүниеге келу себептерін «азғындыққа», «рухани заңдарға» және «табиғат жазасына» теліген. Бұл мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының қатты наразылығын тудырды.
Осыдан кейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева ІІМ-ге осы мәлімдемелерге құқықтық баға беру туралы өтініш жолдады.
Фактіге Астана ПД баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Интернет кеңістігінде ерекше балалардың ата-аналарына қатысты әдепсіз әрі қорлайтын сөздер айтылған блогердің видеосы таралуына байланысты әкімшілік іс қозғалды. Жарияланым авторы ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», — деп хабарлады полиция.
Астана қалалық полиция департаменті ескерту жасайды: желіде қорлайтын материалдарды таратқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.