Мүгедектікті анықтау бойынша 99 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды

2025 жылдың басынан бері мүгедектік тобын белгілеу үшін МӘС-ті сырттай өткізу пилоттық жобасы аясында Қазақстанның барлық өңірінен түскен 99,6 мың өтінім қаралды. Бүгінде сырттай форматта тексеру 30 нозологиялық форма бойынша жүргізіледі.
2024 жылы сырттай форматта 96,9 мыңнан астам өтінім қаралған. Бұл — МӘС-тен өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4 пайызы.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды инстанцияларды аралаудан және қағазбастылықтан босатуды, сондай-ақ қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты жоюды тапсырған.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 20 өңірінде МӘС-ті сырттай форматта өткізу пилоттық режимде іске асырылып келеді.
Мүгедектік тобын белгілеу қызметін алу үшін азамат тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтеді. Қалған процестер ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы оның қатысуынсыз жүзеге асады.
Сырттай тексеруге көшу нәтижесінде:
• әкімшілік және бюрократиялық кедергілер жойылады;
• МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығы қамтамасыз етіледі;
• мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын алу қызметтері үйден шықпай қолжетімді болады;
• қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланыс болдырылмайды, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.