Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда инватакси қызметі кімдерге қолжетімді болатынын айтты.
Қазіргі уақытта инватакси қызметіне қатысты өзгерістер қарастырылуда.
«Өткен айда біз инватакси бойынша өзгерістерді қарастырдық және оларды көлік министрлігіне жібердік, өйткені ол тиісті бұйрықты әзірлеуші болып табылады. Қызмет көрсетілетін нозологиялар тізбесін қайта қарап, ауырлық дәрежесіне қарай тәсілдерді нақтыладық. Бұдан кейін қызмет көрсету сағаттарының санын қайта қарау да жоспарланып отыр», – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық көлікті пайдалана алады, әрі «инватакси қызметі барлық бағыттарды қамти алмайды».
«Инватакси ең алдымен ауыр шектеулері бар және оңалту орталықтарына тұрақты түрде баруды қажет ететін I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Алайда қызметтің мақсатсыз пайдаланылатын жағдайлары да тіркелуде», – деп қосты министр.
Ол Көлік министрлігінің тиісті бұйрығына енгізілетін өзгерістер жақын уақытта – айдың соңында немесе келесі айдың басында қабылдануы мүмкін екенін, ал Еңбек министрлігінің пакеті шамамен маусым айында қабылдануы ықтимал екенін айтты.