IBSA Judo Grand Prix Astana: Елордада пара дзюдодан халықаралық турнир өтіп жатыр

IBSA Judo Grand Prix Astana халықаралық пара дзюдо турнирінің салтанатты ашылу рәсімі елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарысты ұйымдастырушы — Халықаралық зағип жандарға арналған спорт федерациясы (IBSA). Қазақстандық зағиптар спорт федерациясының төрағасы Медет Байкеннің айтуынша, халықаралық Grand Prix турниріне 24 елден 137 спортшы қатысуда.
«Бұл — Қазақстанда алтыншы рет өткізіліп отырған дәстүрлі жарыс. Оның бесеуі елордада ұйымдастырылды. Мұндай турнирлер қазақстандық спортшыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Биыл жарысқа әлем чемпиондары мен пара дзюдоның үздік өкілдері қатысуда.
Айта кету керек, жарыс Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) мен Халықаралық зағип жандарға арналған спорт федерациясының (IBSA) бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан халықаралық деңгейдегі үздік төрешілер шақырылып, турнир жоғары стандарттарға сай өткізілуде.
Қазақстан құрамасы бұл жарысқа жаңартылған құраммен қатысуда. Қазір біз жас спортшыларға үлкен үміт артамыз. Сонымен қатар осы турнир қорытындысы бойынша күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама жасақталады», — деді ол.
Айта кетейік, жарыс барысында 2028 Summer Paralympics жолдамасына қажетті маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады. Аталған Паралимпиада Лос-Анджелес қаласында өтеді.
Әлемдік додада медальдар 8 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95 және +95 келі салмақ дәрежелерінде күш сынасса, әйелдер 52, 60, 70 және +70 келі санаттарында бақ сынайды.
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары барлық салмақ дәрежесінде жарысады.
Ел намысын тәжірибелі спортшылар — Зарина Райфова, Жүрқамырза Шүкірбеков, Бексұлтан Күлмырза, Ғалымжан Смағұлұлы және Альфия Тлеккабыл қорғайды. Жалпы, Қазақстан құрамасынан татамиге 26 спортшы шығады.