Әлеуметтік қолдаудың өңірлік шараларын автоматтандыру барысы талқыланды

Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Бірыңғай цифрлық платформаны дамыту және әлеуметтік қызметтерді автоматтандыру мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мәслихаттардың шешімі бойынша тағайындалатын өңірлік әлеуметтік төлемдерге ауқымды ревизия жүргізгені атап өтілді. Талдау нәтижесінде оларды цифрлық форматқа көшіруге арналған ең сұранысқа ие 13 бағыт айқындалды. Бұл әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерін барлық өңірде біріздендіріп, көмек алу үдерісін ашық әрі жедел етуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы бүгінде түрлі саладағы әлеуметтік қолдау шараларын автоматтандыруға арналған бірыңғай технологиялық база ретінде қызмет атқарады. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында министрлік Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі қызметтерін цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Платформаның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен және eGov порталы жүйесімен интеграциялануының арқасында биылғы мамыр айының соңынан бастап жалпыға бірдей оқытуға арналған мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматта алу мүмкін болады. Енді ата-аналарға қағаз анықтамалар жинап, мәртебесін растаудың қажеті жоқ: жүйе отбасының әлеуметтік жағдайына қатысты мәліметтер негізінде көмекті алу құқығын автоматты түрде анықтайды. Бұл деректер Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелерінде бұрыннан бар.
Талқылау қорытындысында министр цифрландыру ең алдымен азаматтардың қолайлылығына бағытталуы тиіс екенін атап өтті. 2026 жылдың соңына дейін платформаны ел бойынша одан әрі кеңейту, сондай-ақ ақпараттық жүйелермен интеграцияны жалғастыру жоспарланып отыр.