
Іс-шара әр сәрсенбі күні сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін өтеді. Ретро әндер шырқалатын би кештері қарттардың әлеуметтенуіне, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын пайдалы өткізуіне бағытталған.
Бұл бастама қатарынан екінші жыл жүзеге асырылып отыр. 2025 жылдың жазғы маусымында зейнеткерлер үшін осындай 15 би кеші ұйымдастырылған. Кеш барысында қарттар өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынып, сондай-ақ би ұжымдары мен жеке орындаушылар өнер көрсетеді.
Сонымен қатар жазғы маусымның ашылуына байланысты «Жерұйық», Президенттік, Орталық, Ататүрік саябақтарында, Ботаникалық бақта және «Нұржол» бульварында таңғы сауықтыру жаттығулары өтеді. Олар күн сайын сағат 9:00-ден 11:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Зейнеткерлер йога, оңалту гимнастикасы, пилатес, скандинавиялық жүріс және «Цигун» тыныс алу гимнастикасымен айналысады.
Қыркүйекке дейін жалғасатын сауықтыру жаттығуларын Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының білікті нұсқаушылары өткізеді.