Ақтауда түзету орталығының терезесінен құлап, ауыр жарақат алған сегіз жасар баланың қаза болуына байланысты тергеу жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға қаладағы түзету мекемелерінің бірінде болған. Марқұм баланың туыстары қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғанын айтып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
Олардың айтуынша, ғимарат терезелерінде қорғаныш торлары болмаған, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар ересектердің қарауынсыз қалған.
– Мен бұл ғимараттағы мәселелер туралы бірнеше рет айтқанмын. Онда түрлі заңбұзушылықтар болды, терезелерде қорғаныш торлары орнатылмаған. Сондай-ақ даму ерекшеліктері бар балалардың не себепті үшінші қабатта болғаны түсініксіз. Кінәлі тұлғалар анықталып, тиісті жазасын алуы тиіс, – деді қаза тапқан баланың атасы Мақсат Даулетов.
Куәгерлердің мәліметтері мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларға сәйкес, бала жерге түсіп кеткен затты алмақ болып, терезені ашқан және сыртқа құлап кеткен. Оқиға кезінде бөлмеде ересектер болмаған.
Ауыр жарақат алған бала ауруханаға жеткізілді. Ол шамамен екі ай бойы ем қабылдағанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
– Бұл жағдайда балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Терезелерде қорғаныш торлары болмаған. Сонымен қатар балалар ересектердің бақылауынсыз қалған. Бұдан бөлек, ғимараттың түзету орталығына қажетті құжаттар рәсімделмей берілгені анықталды. Бұл жағдай көптеген сұрақ туындатады, – деді Маңғыстау облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тлектес Болатбаева.
Қайғылы оқиғадан кейін түзету орталығының қызметі тоқтатылды.