Сонымен қатар ТМККК және МӘМС аясында қолданылатын 3000-нан астам дәрілік препарат, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілер қосылған құн салығынан босатылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ведомство дәрілік заттардың бағасына мониторинг жүргізуді және олардың халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы мақсатта еліміздің 20 өңіріндегі дәріханаларда сатылатын 2635 атаудағы дәрілік препараттың бағасына салыстырмалы талдау жасалды.
Талдау нәтижесінде 1309 препараттың (49,5%) бағасы өзгеріссіз қалғаны, ал 669 дәрілік заттың (20,4%) бағасы төмендегені анықталды. Жалпы бөлшек сауда желісінде сатылатын 4994 дәрілік препарат шекті бағаларды мемлекеттік реттеу тетігімен қамтылған. Реттелетін сегментте препараттардың жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталған.
Бұдан бөлек, ТМККК және МӘМС шеңберінде қолданылатын 3000-нан астам дәрілік препаратқа ҚҚС салынбайды. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер де бар. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтар үшін дәрілік заттардың баға жағынан қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Егер дәріханаларда дәрілік заттардың белгіленген шекті бөлшек бағадан жоғары сатылу фактілері анықталса, азаматтар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы тауарлық чек пен дәрі қаптамасының фотосын қоса тіркеп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне өтініш жолдай алады.
Сондай-ақ DariKZ мобильді қосымшасы арқылы дәрілік заттарды қолданғаннан кейін туындаған жанама әсерлер туралы ақпарат жіберуге болады.