Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған №4 Qamqorlyq арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты іс-шара барысында өңір басшысы жаңа орталықтың ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар балаларды сапалы біліммен, медициналық және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындады. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде ерекше балаларға арналған оңалту және дамыту орталықтарының желісі кеңейтілуде. Бүгін ашылып отырған орталық – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мұнда балалардың әлеуетін дамытуға, әлеуметтік бейімделуіне және сапалы әлеуметтік қызмет алуына барлық жағдай жасалған», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ведомство мәліметінше, жаңа орталық күндізгі форматта 3 пен 18 жас аралығындағы аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Ғимарат облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Орталықтың материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, «Samruk-Kazyna Trust» қорының, «Қамқорлық» корпоративтік қорының және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жасақталған. Мұнда сенсорлық бөлме, акустикалық кабина, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері, ABA-терапия кабинеттері, робототехника, Lego құрастыру және арт-терапия сыныптары, сондай-ақ қыш, тігін және ағаш өңдеу шеберханалары жабдықталған.
Орталық бір ауысымда 125 балаға дейін қабылдап, оларға кешенді көмек көрсете алады. Балалармен логопедтер, дефектологтар, психологтар және қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA-терапия) бойынша мамандар жұмыс істейді. Олардың қызметі балалардың әлеуметтік бейімделуіне және жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Салтанатты рәсім аясында қонақтар символикалық лентаны қиып, жаңа орталықтың жұмысымен және заманауи жабдықтарымен танысты.
Жергілікті билік өкілдерінің пікірінше, жаңа нысанның ашылуы өңірдегі ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін әлеуметтік және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, олардың жан-жақты дамуына қосымша мүмкіндік береді.