Қазақстанда балалардың дамуындағы бұзылыстарының ерте диагностикасы күшейтілуде

Қазақстанда балалардың дамуындағы бұзылыстарды мүмкіндігінше ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсету мақсатында емханалар базасында 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы жұмыс істейді.
Орталықтарда балалармен дәрігерлер, логопедтер, психологтар, реабилитологтар және басқа да мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар ата-аналарға да қолдау көрсетіледі: оларға кеңес беріліп, балаға күтім жасау жолдары үйретіледі әрі емдеу мен оңалтудың барлық кезеңінде сүйемелдеу қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар елімізде «Алғашқы 1001 күн» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында патронаж қызметі дамытылып, скринингтік тексерулердің ауқымы кеңейтілуде, ана сүтімен емізуді қолдау шаралары күшейтіліп, ерте жастағы балалардың ұлттық тіркелімі құрылуда.
Бұдан бөлек, өткен жылдан бері Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының GMCD нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал баланың дамуындағы кешеуілдеу қаупін клиникалық белгілер пайда болмай тұрып-ақ анықтауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ерте араласу мүгедектік қаупін төмендетуге, баланың өмір сүру сапасын жақсартуға және оның сәтті дамуы мен қоғамға бейімделу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.