Қазақстанда зейнетақы жүйесін қалыптастырудың жаңа қағидалары қарастырылуда

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобының отырысы өтті.
Ведомствоның 2026 жылғы 8 шілдедегі мәліметіне сәйкес, жиынға мемлекеттік органдардың, сарапшылық қауымдастықтың және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жұмыс тобының қарауына Сингапурдың зейнетақы жүйесінің моделі ұсынылды.
Аталған модель аясында міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыру көзделеді. Сонымен қатар, зейнетке шыққанға дейін жинақтың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға ақы төлеуге, медициналық шығындарды өтеуге және инвестициялауға пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
«Түсетін қаражат үш шотқа бөлінеді. Оның бірі жеңілдетілген тетік арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді».
Сонымен қатар талқылау барысында бірқатар сарапшылар ұсынылған модельдің халықтың әлеуметтік осал санаттарының, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүдделерін қаншалықты ескеретініне күмән келтірді.
Отырысқа қатысушылар аталған модельдің осы санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейіне ықпалын қосымша талдау қажеттігін атап өтті.
Қазіргі уақытта жұмыс тобының қарауында зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған өзге де тәсілдер бар.