Қазақстанда шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қаражатын заңсыз алу фактілері анықталды.
Аталған ауқымды заңсыз схемалардың жай-жапсарын 2026 жылғы 3 тамызда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жариялады.
«Аталған фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Анықталған залал көлемі 3,5 млрд теңгеден асты», – деп хабарлады агенттік.
Мәселен, Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде.
Тергеу мәліметінше, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде қызмет көрсетілмеген және тауар жеткізілмегеніне қарамастан, 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған. Кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған, ал олардың деректемелері қаражатты заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Мемлекетке келтірілген залал 501 млн теңгеден асты. Екі күдікті қамауға алынды.
Сондай-ақ Астанада «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы ӘМСҚ қаражатын заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды медициналық ұйымдарға тіркеу жөніндегі өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды.
Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркеліп, DamuMed ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгеге жалған медициналық қызмет рәсімделген.
Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС және «Стоматология Dr.Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шын мәнінде науқастарға қызмет көрсетілмеген. Құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің аккаунттары мен кәмелетке толмаған науқастардың жеке деректері пайдаланылған. Нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету фактісі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
ҚМА мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Еске салайық, 2026 жылғы 14 шілдеде Астанада жеке клиника басшысының DamuMed пен ӘМСҚ арқылы ондаған миллион теңге көлемінде алаяқтық жасағаны хабарланған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, сот клиника басшысын 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкерін 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.