Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмысқа орналасуға жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда.
Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – жұмыс берушілер сұранысына сай кадрлар даярлау. Қысқа мерзімді оқыту жұмыссыз азаматтарға аз уақыт ішінде тәжірибелік дағдыларды меңгеруге, жаңа мамандық игеруге және кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда 30 387 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Оның ішінде 21 781 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдаманы жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде Мансап орталықтары береді. Оқыту колледждерде, оқу орталықтарында немесе тікелей жұмыс орындарында ұйымдастырылады.
Оқу шығындарын мемлекет толықтай қаржыландырады. Білім алушыларға ай сайын 43 574 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді. Сонымен қатар медициналық тексеруден өтуге, оқу тұрақты тұрғылықты жерден тыс жерде ұйымдастырылған жағдайда жол жүру мен тұрғын үйді жалдауға жұмсалатын шығындар өтеледі.
Бағдарламаның тиімділігі жұмысқа орналасу көрсеткіштерімен дәлелденеді. Білім беру ұйымдарында оқуды 20 517 адам аяқтап, олардың 16 496-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – 80 пайыздық жұмыспен қамту көрсеткіші.
Жұмыс берушілердің базасында ұйымдастырылатын тәжірибелік оқыту да жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Курсты 6 359 адам аяқтап, олардың 5 285-і жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамту деңгейі 83,1 пайызды құрады.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту – жаңа мамандықты тегін меңгеруге, сұранысқа ие кәсіби дағдыларды игеруге және жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға берілетін мүмкіндік.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгіну қажет.