Қарағанды облысындағы сайлау учаскелері ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы етіп жабдықталуда. Олар арнайы жабдықтармен жабдықталған, ал комиссия мүшелері дауыс беру күні жұмысқа оқытылады. Осындай оқу орталықтарының бірі №16 сайлау учаскесінің базасында жұмыс істейді. Оның қызметімен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров танысты.
№16 сайлау учаскесіне Нияз Сүндиталиев инватаксимен келді. Ғимаратқа кіреберісте орнатылған арнайы көтергіш құрылғы оның еш кедергісіз ішке өтуіне мүмкіндік берді. Тексеру барысында қоғамдық ұйым өкіліне қолжетімді орта қалай ұйымдастырылғаны көрсетілді. Атап айтқанда, арба пайдаланатын сайлаушыларға арналған арнайы дауыс беру кабинасы, тактильді бағыттағыштар, дыбыстық хабарлау жүйелері және басқа да арнайы құралдар таныстырылды. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға жайлы жағдайда қатысуына мүмкіндік береді.
Qamqor Plus мүгедектігі бар жандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндиталиев:
– Өзім мүгедектігі бар жандарға арналған арбаны пайдаланамын. Бүгін сайлау учаскесінің қолжетімділігін бағалай отырып, оның еліміздің барлық нормалары мен талаптарына, құрылыс стандарттарына толық сәйкес бейімделгенін айта аламын. Сонымен қатар қызметкерлер мүгедектігі бар адамдармен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін жақсы меңгерген.
Есту қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін сайлау орнында портативті индукциялық жүйе орнатылған. Ол есту аппаратымен бірге жұмыс істеп, комиссия мүшелерімен қарым-қатынасты анағұрлым ыңғайлы етеді.
Қарағанды қаласындағы №16 сайлау учаскелік комиссиясының төрайымы Салтанат Макаева:
– Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін кіреберісте мнемосызба орнатылған. Онда Брайль қарпімен жазылған ақпараттың көмегімен кіреберістің орналасуын, учаскеге қалай жетуге болатынын және сайлаушыларға қажетті аймақтардың қайда екенін білуге болады.
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған портативті индукциялық жүйе комиссия мүшелерімен байланысты барынша жайлы етеді.
Қарағанды қаласындағы №16 сайлау учаскелік комиссиясының мүшесі Татьяна Спиридонова:
– Осы жүйенің арқасында сайлаушы тек комиссия мүшесінің дауысын анық естиді. Ол барлық қажетті ақпаратты түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап береді. Бұл жабдық биыл орнатылды және біз онымен жұмыс істеу бойынша арнайы оқудан өттік. Біздің сайлау орны оқу орталығы болғандықтан, алдағы уақытта басқа сайлау учаскелерінің өкілдерін де осы жүйені пайдалануға үйретеміз.
Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар 6 245 сайлаушы тіркелген. Олардың қатарында көру және есту қабілеті бұзылған азаматтар, сондай-ақ жүріп-тұруы шектеулі адамдар бар. Осыған байланысты өңірдегі барлық сайлау учаскелерінде олардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар жасалуда.