Астананың екі ауданында көпбалалы аналарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Нұра және Алматы аудандарында жалпы саны 32 көпбалалы ана марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұра ауданында 8 ана марапатқа ие болды. Олардың төртеуіне «Алтын алқа», тағы төртеуіне «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.
Алматы ауданында еліміздің демографиялық дамуына және отбасылық құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосқан 24 көпбалалы анаға арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Олардың ішінде 7 ана «Алтын алқа», 17 ана «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері атанды.
Салтанатты жиындарда аналардың қоғамдағы маңызды рөліне ерекше назар аударылды. Ана еңбегі – шексіз сүйіспеншілікті, сабырлылықты және бар күш-жігерді талап ететін күнделікті үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ аналар отбасындағы жылулық пен татулықты сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға зор үлес қосады.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері – көпбалалы аналардың өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше құрмет пен алғыстың белгісі.
Еске салайық, «Күміс алқа» төсбелгісі алты бала туып, тәрбиелеп өсірген аналарға беріледі. Ал «Алтын алқа» жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеп өсірген аналарға табысталады.