Кибералаяқтар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына жаңа «аңыз-әдісті» қолдану арқылы шабуыл жасай бастады.
Алаяқтар адамдарға өздерін ХҚКО немесе eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, ЭЦҚ кілтін ұзарту қажеттігін айтып қоңырау шалады. Олар келісім беру үшін телефондағы 1 санын, ал бас тарту үшін 3 санын басуды ұсынады.
Одан кейін азаматтарға аталған ұйымдардың шынайы қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалады. Олар телефондағы басылған санның салдарынан азаматтың жеке кабинеті бұзылып, оның атына несие рәсімделгенін айтады.
Одан қорғану үшін алаяқтар «айна несие» рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады. Алайда іс жүзінде бұл қылмыскерлердің бақылауындағы шоттар болып шығады.
Соңғы бірнеше күнде қылмыскерлер осындай шамамен 20 қоңырау жасаған. Бұл – азаматтардың 102 нөміріне хабарлаған жағдайлары ғана. Жаңа схема бойынша бір қылмыс тіркелді: облыс аудандарының бірінде тұратын 44 жастағы тұрғын алаяқтарға сеніп, төрт миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі уақытта осыған ұқсас басқа фактілер тіркелген жоқ. Полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының арқасында көптеген тұрғындар мұндай алаяқтық тәсілдерді дер кезінде танып отыр.
Соған қарамастан тәртіп сақшылары бұл қауіп туралы жақындарыңызға, әсіресе қарт адамдарға айтып жүруді сұрайды. Маңыздысы: ХҚКО мен eGov қызметкерлерінің банк құпиясына жататын ақпаратқа қолжетімділігі жоқ. Мұндай қоңыраулар – алаяқтық.