Мүгедектігі бар қазақстандық оңалту бағдарламасына өзгеріс енгізуден бас тартқан мемлекеттік қызметкерді сотта жеңді.
«Қостанай облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментіне қатысты талап арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына түзету енгізуден бас тартуды заңсыз деп танып, оның күшін жойды және аталған бағдарламаға жеке гигиена заттарын енгізуге міндеттеді», — деп хабарлады Қостанай облыстық соты.
Талап қоюшы — қайта куәландыру мерзімі белгіленбеген екінші топтағы мүгедектігі бар адам. Ол Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар тұлғаға теңестірілген. Мүгедектіктің себебі әскери қызмет өткеру кезінде иондаушы сәулеленудің әсерінен алынған жарақат ретінде айқындалған.
Соттың мәліметінше, медициналық құжаттар талап қоюшының денсаулық жағдайының күрделі әрі ұзақ мерзімді сипатта екенін көрсетеді. Алайда жауапкер — Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті — оған қажетті жеке гигиена құралдарын беруден бас тартқан.
«Сот оңалту саласындағы заңнаманы қолдану Конвенцияның мақсаттарына сәйкес келуі тиіс деген қорытындыға келді. Қазақстан 2015 жылғы 20 ақпанда ратификациялаған Мүгедектігі бар жандардың құқықтары туралы конвенцияның 26-бабында тиімді әрі тиісті шаралар қабылдау талап етіледі.
Медициналық ұсынымдар бірнеше рет берілгеніне қарамастан, гигиенаны сақтау мен қамтамасыз етуге арналған құралдардан тек ақпараттық жүйенің формалды шектеуіне немесе мүгедектік тобы критерийінің механикалық түрде қолданылуына байланысты бас тарту мүгедектігі бар адамның барынша дербестігі мен қадір-қасиетін қамтамасыз ету мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді», — деп хабарлады сот.
Талап арызды қанағаттандыру туралы сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.