Балаларға паллиативтік көмек көрсету: Алматыда алғашқы мамандандырылған бөлімше ашылды


Қазақстанда балаларға мамандандырылған паллиативтік көмек көрсету жүйесі дамып келеді. Биыл тамыз айында №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында ауыр дертке шалдыққан балаларға арналған алғашқы мамандандырылған бөлімше ашылды.
Алматыға жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталған бөлімшеде медициналық көмек көрсету жағдайларымен танысты.
Өткен жылдың желтоқсан айында көп жылдардан кейін алғаш рет балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты қайта қаралды.
Құжатта паллиативтік сүйемелдеуді қажет ететін балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі айқындалған. Сондай-ақ емдеу мүмкіндігі, аурудың сипаты мен өршуі, мезгілсіз қайтыс болу қаупі және паллиативтік көмекке қажеттілік ескеріле отырып, паллиативтік көмекті қажет ететін аурулар мен жағдайлардың бес санаты белгіленген.
Бүгінде Қазақстанда паллиативтік көмекке мұқтаж 4 816 бала динамикалық бақылауда тұр. Еліміздің медициналық ұйымдарында 169 паллиативтік төсек орын жұмыс істейді.
2024 жылдан бастап «Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде паллиативтік көмекке мұқтаж балаларға арналған жеке база құрылды.
Бұл осындай науқастарды жүйелі түрде есепке алуға, қажетті медициналық көмектің көлемін жоспарлауға және оның қолжетімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа бөлімше ауыр созылмалы және жазылмайтын аурулары бар балаларға тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді. Мұнда түрлі бейіндегі дәрігерлерден, медицина мейіргерлерінен және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді.
Бөлімше өкпені жасанды желдету аппараттарымен, инфузиялық сорғылармен, медициналық аспираторлармен, өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылауға арналған мониторлармен, оттегімен қамтамасыз ету жүйелерімен және басқа да арнайы медициналық жабдықтармен жарақтандырылған.
Паллиативтік көмек тек медициналық емшаралармен шектелмейді. Балаға барынша қолайлы жағдай жасап, оның өмір сүру сапасын мүмкіндігінше жақсарту, симптомдарды уақтылы бақылау, сондай-ақ отбасы мүшелеріне кәсіби қолдау көрсетіп, күтім жасауға көмектесу маңызды.
Осы бағытты үйлестіру үшін Балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы құрылды. Оның міндеттеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін мониторингтеу, сондай-ақ мамандарды оқыту кіреді.