Денсаулық сақтау министрлігі қозғалыс функциялары уақытша шектелуіне әкеп соққан аурулардан кейін, мүгедектігі жоқ балаларға техникалық қосалқы және арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидаларын әзірледі.
Жобаға сәйкес, қозғалыс функциялары уақытша шектелген балалар қажетті құралдарды уақытша пайдалануға ала алады. Олардың қатарында кресло-арбалар, балдақтар, жүріп-тұруға арналған құралдар, таяқтар, тіреуіштер мен тұтқалар бар.
Балаларды қажетті құралдармен қамтамасыз ету олар тіркелген жердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа шара балаларды оңалту кезеңінде қажетті жүріп-тұру және қолдау құралдарымен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл кешенді көмектің қолжетімділігін арттырып, өмір сүру қызметінің тұрақты шектелуі мен мүгедектіктің даму қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Негізгі мақсат – мүгедектік белгіленгенін күтпей, қажетті көмек балаға дәл қажет болған кезде қолжетімді ету.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 16 қазанға дейін қоғамдық талқылау үшін орналастырылды.