Астананың 8 183 жас тұрғыны жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметіндегі брифингте Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар мәлімдеді.
— Тоғыз айда мансап орталықтарына 27 564 жас жүгінді. Оның ішінде 8 183 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, соның ішінде 3 547 адам жұмысқа орналастырылды. Бүгінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 200 ұйымнан 529 бос жұмыс орны бар. Олардың арасында көптеген мемлекеттік ұйымдар мен акционерлік қоғамдар, атап айтқанда, Astana Innovations, «Астана-Энергия», «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы, «Қазақстанның электр энергиясы мен қуаты нарығының операторы» бар. Көптеген министрліктерде, оның ішінде Сыртқы істер министрлігінде, Энергетика министрлігінде, Ғылым және жоғары білім министрлігінде, Көлік министрлігінде, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінде де бос жұмыс орындары бар. Сондай-ақ «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ, «Қазақ радиосы» және басқа да ұйымдарда бос жұмыс орындары бар. Жұмыс берушілердің биылғы жылға арналған өтінімдері әлі де қабылдануда, олар қазан айының соңына дейін қабылданады, — деді Олжас Омар.
Оның айтуынша, «Жастар практикасы» аясында заңгер, бухгалтер, жүйелік әкімші, қаржыгер, қаржы талдаушысы, экономист, журналист және басқа да мамандықтар сұранысқа ие.
Спикердің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері enbek.kz электрондық еңбек биржасында 94 мың бос жұмыс орны жарияланған. Қазіргі уақытта онда 6 мың жұмыс берушіден 12 897 өзекті бос жұмыс орны орналастырылған. Еңбек мобильділігі орталығында 8 439 жас тіркелген. Оның ішінде 5 500-і әйелдер, 2 800-і ерлер. Олардың 62 пайызының жоғары білімі бар. Тоғыз айда елордада 46 245 жаңа жұмыс орны құрылып, 333 845 еңбек шарты жасалған.
Орталық директорының айтуынша, бүгінде жастар мамандығы бойынша еңбек тәжірибесін жинақтау үшін «Жастар практикасы» бағдарламасын белсенді пайдаланып жатыр.
Спикер сөз соңында соңғы бес жылда оқу орындарын бітірген, мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ түлектерді «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысуға шақырды. Бағдарлама жас маманның таңдауы бойынша ұйымға бір жылға дейін жұмысқа орналасуды көздейді. Жалақыны мансап орталығы төлейді.