Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ашылуға дайындалып жатқан жаңа медициналық нысандар туралы мәлімдеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
«Халық санының өсуі мен қолданыстағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктеменің артуына байланысты медициналық инфрақұрылымды жоспарлы түрде кеңейтуді жалғастырып жатырмыз. Бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевпен және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге бірқатар медициналық мекемелерді араладық.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында биыл №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы жаңа қабылдау-диагностикалық кешені мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жанындағы балаларға арналған травматологиялық пункт ашылады. Қалған нысандар – перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және үш емхана кезең-кезеңімен іске асырылады.
№2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы жаңа қабылдау-диагностикалық кешені елорданың сол жағалауындағы тұрғындарға қызмет көрсететін ересектерге арналған қабылдау бөлімін, акушерлік қабылдау бөлімін, диагностикалық қызметтер мен травматологиялық пунктті біріктіреді. Аумағы 7 120 шаршы метр болатын бес қабатты нысан тәулігіне 700–900 адамды қабылдауға есептелген.
Кешенде компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография (МРТ), рентгенодиагностика, ангиографиялық операциялық зал, операциялық бөлімдер, инсульт орталығы, травматология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.
Негізгі артықшылығы – шұғыл медициналық көмектің барлық қажетті кезеңінен бір кешеннің ішінде өтуге мүмкіндіктің болуы. Яғни алғашқы тексеру мен диагностикадан бастап хирургиялық араласу мен кейінгі емдеуге дейінгі қызметтер бір жерде көрсетіледі. Бұл науқастарды тексеру мен дәрігерлік шешім қабылдау уақытын қысқартып, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Кешеннің ашылуы нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны құрылады.
Биыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған жаңа қосымша ғимарат та ашылады. Жаңа корпуста реанимациялық зал, операциялық блок, компьютерлік томография және рентгенодиагностика кабинеттері жабдықталады. Заманауи жабдықтар жарақат алған балаларды тексеру мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, науқастарды тиісті бөлімдерге бағыттау жүйесін оңтайландыруға және медициналық көмектің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде Сарыарқа ауданындағы медициналық инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. 2027 жылы 250 төсек-орынға арналған жаңа заманауи перинаталдық орталықты ашу көзделген. Ал 2029 жылы 300 төсек-орынға арналған көпбейінді қалалық аурухананың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өткен жылы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті ашылды. Онда медициналық көмекке 10 мыңнан астам бала жүгінді. Соның нәтижесінде оң жағалаудағы балалар травматологиялық пунктіне түсетін жүктеме азайды.
Сондай-ақ өткен жылы жеке инвестициялар есебінен «Нұрлы жол» вокзалы ауданында емхана ашылды.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісі де кеңейтіліп жатыр. 2026 жылдың соңында Есіл ауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысын бастау жоспарланған. 2027 жылы Сарайшық және Нұра аудандарында тағы екі емхана салу көзделген. Олардың әрқайсысы да ауысымына 500 адам қабылдауға есептеледі.
Жалпы, алдағы үш жылда денсаулық сақтау саласында 10 нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында екі перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпбейінді аурухана, бес емхана және екі жедел жәрдем қосалқы станциясы бар», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.