Жәрмеңке Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті қолдауымен өтеді.
3 қараша күні сағат 11.00-де Астанада Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
Жәрмеңкеге делдал серіктестердің қатысуынсыз өндірушілер қатысады. Қала тұрғындары мен қонақтарының сұранысына ие, өзімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылымға шығарылады. Сондай-ақ университеттің ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ассортименті көрсетіледі.
Табиғи және қолжетімді өнімге үлкен сұраныс болады деп болжануда. Университет өкілдерінің айтуынша, сатылымға шығарылатын тауарлар көптеп қойылады.
«Жәрмеңкенің мақсаты – пайда табу емес, елорда тұрғындарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау. Өнімнің сапасы жоғары. Жәрмеңкеде біздің ғалымдар мен студенттер өсірген ауылшаруашылық өнімдері, сондай – ақ университет серіктестері шығарған өнімдер болады», — делінген хабарламада.
Жәрмеңкеге «Агрофирма Родина» ЖШС, «Есіл-Агро» ЖШС, «Астана өнім» АҚ, «Солтүстік Қазақстан АШТС» ЖШС, «Рахат» АҚ сияқты ірі өндірушілердің еті, сүті, балығы, шұжық өнімдері, көкөністері мен жемістері, сондай-ақ университет және жақын аймақтардан келген кәсіпкерлердің өнімдері төмен бағамен ұсынылатын болады.
Жәрмеңке Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті агрономия факультеті ғимаратының жанындағы алаңда өтеді, мекенжайы: Жеңіс даңғылы, 62.