Астанада «Ару ана» әйелдердің үздік жобалары республикалық байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтуде. Марапатталғандар қатарында бірнеше жылдан бері ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсетіп келе жатқан Теміртау қаласындағы Отбасын қолдау орталығы да бар.
Байқаудың мақсаты – үздік идеялар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын көшбасшы әйелдерді қолдау, біріктіру және насихаттау. Биыл еліміздің барлық өңірлерінен 260 жоба ұсынылып, оның ішінен комиссия 20 үздікті таңдады. Қарағанды облысынан 13 өтініш түскен.
«Жаңа күн» ҚБ төрағасы Әлия Баймурзинаның жобасы жеңімпаз атанды. 2018 жылы ол Теміртауда ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмектесу үшін Отбасын қолдау орталығын құрды. Ол бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Ең бастысы, бұл жоба ерекше балалардың өмірін өзгертеді, олардың ашылуына, бақытты және сенімді болуына көмектеседі. Орталықта тегін түзету, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, жастар әлеуметтенуге, еңбек қызметіне кірігуге көмек ала алады.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева үздік жобалардың құрылтайшыларымен кездесіп, марапаттарды табыс етті. Байқау жеңімпаздары ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған әйелдер форумына қатысты.