«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Астанадан шалғай ауылдарға аттанды
Бүкіл бағыт бойынша шалғайдағы 147 ауылдың тұрғындарына тегін амбулаторлық көмек көрсету үшін бүгін Астанадан дәрігерлер бригадасы бар медициналық пойыз жолға шықты.
Биыл су тасқынынан зардап шеккен батыс аймақтарда «Дөңгелектегі емхана» жұмысын бастап, 90 мың ауыл тұрғындарын медициналық қызметпен қамтуды көздеп отыр.
«Жобаның арқасында станциялардың және оған іргелес елді мекендердің көптеген тұрғындары білікті дәрігерлерден кеңес алып, кез келген ауруға тексеріле алады. Биыл алғаш рет маммографиялық аппарат сатып алынды, оның қызметі халыққа қолжетімді болды. Пойыз жұмысына 14 арнайы маман қатысады. Осылайша, пойыздың белсенділігінің арқасында адамға тиімді көмек көрсетуге болатын патологияны ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артады», — деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев медициналық пойызды іске қосу салтанатында.
Медициналық бригаданың құрамына терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, кардиолог, тіс дәрігері, окулист, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог кіреді.
Медициналық пойыз мамандары консультативтік-диагностикалық көмектен басқа, шағын оталарды жасап, ауруханаларда жоспарлы емдеуге жолдама бере алады.
Медициналық пойыздар қозғалысының кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде әзірленді. Медициналық бригаданың дәрігерлері әр бекетте орта есеппен 1-2 күннен ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді.
«Саламатты Қазақстан» пойызы – бірегей жоба. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жобаға жан-жақты қолдау көрсетуі маңызды. Шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық консультациялар мен диагностикадан бөлек медиациялық-құқықтық және психологиялық көмектер көрсетіліп, жанжалдарды шешу, өтініштерді қабылдау, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдануда», – деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Барлығы 2010 жылдан бері «Медициналық пойыздар» жобасы еліміздің барлық өңірлеріндегі 1991 станцияны аралап, 658 407 адамды, оның ішінде 142 660 баланы тексерді. Дәрігерлік тексерулер саны шамамен 3,5 миллионды құрады, 29 мыңға жуық шағын амбулаториялық ота жасалды, 169 мың тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді.
Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әріптестігі кезінде іске асырылады.
Тегтер: Денсаулық сақтау министрлігі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Саламатты Қазақстан» пойызы, медициналық көмек.