Астанада ерекше балаларды қолдауға арналған жәрмеңке өтеді
15 маусымда сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін елорданың Орталық саябағында «Астана мүгедектігі бар балалар қоғамын» қолдау мақсатында GARAGE SALE қайырымдылық жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қайырымдылық жәрмеңкелері GARAGE SALE «Астана қаласының мүгедектігі бар балалар қоғамы» қоғамдық ұйымына балалардың денсаулығы үшін маңызды дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды сатып алуға көмектеседі.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, Orda Invest компаниясының қатысуымен іс-шара көмек, қолдау және мейірімділік мәдениетін тәрбиелеу, адамдарды біріктіру мақсатында өткізіледі.
Биыл еріктілер құны екі миллион теңгеге жуық «UTS Говорун PRO2 лого айнасын» сатып алуға ақша жинап жатыр. Құрылғы психологиялық жағынан сөйлеу дамуы тежелген балаларды емдеу үшін қажет.
Іс-шарада қолөнершілерден бөлек, азаматтардың көңіл көтеруіне арналған шоу-бағдарлама, би батлдары, жанды музыка, байқаулар мен ойындар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сыйлықтар мен сертификаттарды ұтып алуға болатын қайырымдылық лотереясы өтеді.