Солтүстік Қазақстан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың үштен бірі оқуға кезекте тур.
Солтүстік Қазақстан облысында 253 бала аутизм орталығында оқуға кезекте тұр. Облыста барлығы 723 аутизм спектрі бұзылған бала бар. Бұл туралы «Аманат» партиясының филиалы мәлім етті.
Партия филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, инклюзия мәселесі облыстық отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің отырысында талқыланған. Білім басқармасының басшысы Татьяна Протопопова мәселені шешу үшін биыл мектеп «Береке» шағын ауданындағы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін №2 арнайы мектеп-интернат ғимаратында аутизм орталығын ашу жоспарланып отырғанын айтты.
-Сыртқы лифт орнатуға қорытынды алынып, үшінші қабатта 570 шаршы метр аумақ бөлінді. Бір кезеңде 50 баланы қамтуға болатын 17 маманнан тұратын шатат қарастырылған. Орталыққа жыл сайын 43 миллион теңге қарастырылады. Орталықтың ашылуының арқасында кезектілік, психологиялық-педагогикалық қолдауды дер кезінде көрсету мәселесін толығымен дерлік шеше аламыз», — деді Т.Протопопова.
Ол 2027 жылға қарай 773 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік мекемелер мен басқа да нысандарды ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға бейімдеу жоспарланғанын айтты. Ағымдағы жылдың басынан бері 201 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты, «Bastau Business» кәсіпорнында 50 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.