Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы «Астана Опера» опера және балет театрында Аутизмге шалдыққан балаларға арнайы бейімделген музыкалық-поэтикалық концерт өтті. Кішкентай бүлдіршіндерге әйгілі француз композиторы Шарль-Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» атты туындысы ұсынылды. Дирижер — Руслан Баймурзин. Альт, скрипка, виолончель, контрабас, флейта, кларнет, ксилофон, фортепиано сынды музыкалық аспаптар әр түрлі жануарлардың мінез-құлқын көрермендерге өте әсерлі жеткізе білді. Балалар ұшқыр қиялдарына ерік беру арқылы жануарлар әлеміне саяхаттап қайтты. Ал дыбыс пен жарықтың үйлесімділігі залда отырған балдырғандардың қойылымды сүйсіне тамашалауларына мүмкіндік берді. Музыкалық аспаптардың үндестігіне тәнті болған ерекше балалар таңданысын жасыра алмады. Әр сиютадан кейін ду қол шапалақ ұрып, келесісін тағатсыздана күтті. Аталмыш қойылым «Болашақ» Корпоративтік қоры мен «Астана Опера» опера және балет театрымен бірлесіп ұйымдастырылған.
Ақпарат: Инва.кз